РЕЗОЛЮЦИЯ

V ОРТАЛЫҚ АЗИЯ УРОЛОГТАРЫНЫҢ КОНГРЕСІ
CACU26

2026 ЖЫЛҒЫ 22-23 ҚАЗАН
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ, АЛМАТЫ

V Орталық Азия урологтарының конгресі (CACU–26) Қазақстан, Австрия, Германия, Грекия, Біріккен Араб Әмірліктері, Мысыр, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы және Түркия елдерінің урология саласындағы жетекші мамандарының басын қосты.


CACU26 конгресінің негізгі міндеттері:

-ғылыми-зерттеу, емдеу-диагностикалық және білім беру қызметін үйлестіру;

-урологиялық көмекті жетілдіру мақсатында Орталық Азия, Ресей және Еуропа елдерінің мамандары арасында кәсіби тәжірибе алмасу;

-урология саласындағы заманауи және перспективалы ғылыми, клиникалық және эксперименттік деректерді ашық талқылау.


Конгресс аясында урология, андрология, балалар урологиясы, реконструктивтік, аз инвазивті урология және онкоурологияның өзекті мәселелеріне арналған мазмұнды екі күндік ғылыми бағдарлама ұсынылды.


CACU26 ғылыми алаңында жетекші мамандар онкоурология және нейроурология салаларындағы заманауи диагностика мен емдеу әдістеріне, урологиялық ауруларды емдеудің инновациялық жоғары технологиялық тәсілдеріне, несеп-жыныс жүйесінің аномалияларын консервативтік және хирургиялық емдеуге, жыныс мүшесіне жасалатын реконструктивтік араласуларға, сондай-ақ несеп-тас ауруын емдеудің аз инвазивті технологияларына арналған 60-тан астам баяндама ұсынды.


Ғылыми отырыстар барысында әртүрлі елдердің мамандары арасында кәсіби тәжірибе, ғылыми зерттеулердің нәтижелері және практикалық тәсілдер бойынша пікір алмасу өтті.


CACU26 конгресінің маңызды нәтижелерінің бірі халықаралық кәсіби өзара іс-қимылды нығайту және денсаулық сақтау мен урология саласындағы мамандар арасында тәжірибе алмасуға арналған тұрақты алаң қалыптастыру болды.


V Орталық Азия урологтарының конгресі (CACU26) аясында Еуропалық урология мектебінің (ESU) білім беру курсы, сондай-ақ «Онкоурология» секциясының жұмысы өтті. Аталған секцияда несеп-тас ауруына қатысты мәселелерді қоса алғанда, урологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи тәсілдері ұсынылды.


Халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, урологиялық көмекті, ғылыми және білім беру қызметін жетілдіру мақсатында конгресс қатысушылары бірауыздан ынтымақтастықтың мынадай бағыттарын қабылдады:

1. Бірлескен халықаралық конгрестерді, форумдарды, конференцияларды, симпозиумдарды және басқа да ғылыми-білім беру іс-шараларын ұйымдастыру және өткізу.

2. Кәсіби тәжірибе, ғылыми ақпарат және зерттеу нәтижелерімен алмасу, сондай-ақ урология саласындағы бірлескен ғылыми-зерттеу және білім беру жобаларын іске асыру.

3. Заманауи біліммен, әдістемелермен және практикалық ұсынымдармен алмасуды қоса алғанда, ғылыми-ақпараттық және консультациялық қызмет саласындағы ынтымақтастықты дамыту.

4. Еуропалық урология мектебінің (ESU) білім беру іс-шараларын тұрақты негізде ұйымдастыру және өткізу.

5. Халықаралық кәсіби байланыстарды дамытуға және конгреске қатысушы елдердің урологиялық қауымдастықтары мен медициналық мекемелері арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге жәрдемдесу.


V Орталық Азия урологтарының конгресіне (CACU26) қатысушылар ғылыми және білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамытуға, заманауи технологияларды енгізуге және урологиялық көмектің сапасын арттыруға бағытталған бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендіктерін білдіреді.


V Орталық Азия урологтарының конгресіне (CACU26) қатысушылар тарапынан қабылданды.